Футбол: Қазақстандық Зайнутдинов «Спартак» - ЦСКА матчында тамаша гол соқты

Мәскеулік «Спартак» пен ЦСКА матчында қазақстандық футболшы әуелі қосалқы құрамда болды. Биыл қысқы үзілістен кейін қайта жалғасқан Ресей біріншілігінде ойнайтын қос командада біраз өзгерістер болды.
«Спартак» тізгінін италиялық маман Паоло Ваноли ұстаса, ЦСКА командасына жаңадан ойыншылар келді.
Екінші таймда 49-минутта сол жаңадан қосылғандардың бірі, түркиялық Юсуф Языджи айып добын керемет орындап, ЦСКА-ны алға шығарды. Ал 56-минутта Б.Зайнутдинов тағы бір жаңадан келген футболшы, парагвайлық Хесус Мединаның орнына шықты. 79-минутта Иван Обляковтан әдемі пас алған Бактиер тамаша соққымен есепті еселеді – 2:0. Оған қоса ойын соңында қазақстандық футболшыны шалып жыққан «Спартак» құрамындағы нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозес ескерту қағазын алып тынды.
Осылайша Б.Зайнутдинов ЦСКА командасының дербиде жеңіске жетуіне өз үлесін қосты. Мәскеулік клуб турнир кестесінде төртінші орында келеді.