11:33, 26 Ақпан 2010 | GMT +5
Футбол: «Оқжетпес» командасы Түрікменстан президенті кубогының жартылай финалына шықты
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы күндері Ашхабадта футболдан Түрікменстан президентінің кубогы үшін турнир өтуде.
Оған қатысып жатқан Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, турнир аясындағы бірінші ойынында «Оқжетпес» Литва чемпионы «Экранас» командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Екінші матчта көкшетаулықтар Түрікменстанның вице-чемпионы «Небитчи» клубын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал үшінші кездесуінде Қырғызстанның вице-чемпионы «Абдыш-«Атой» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Нәтижесінде үш ойында бес ұпай жинаған жерлестеріміз жартылай финалға жолдама алды. «Оқжетпес» енді финалға берілетін жолдаманы Түркияның жастар құрамасымен немесе Түрікменстан кубогының жеңімпазы «Алтын-Асыр» командасымен сарапқа салатын болады.