Футбол: Оралда «Ақжайық» пен «Атырау» тең ойнады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан ел біріншілігінің тоғызыншы турында «Ақжайық» П.Атоян атындағы стадионда «Атырауды» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осыған дейінгі матчтарын Ақсай қаласындағы «Қарашығанақ» стадионында өткізіп келген батысқазақстандықтардың бұл Оралдағы алғашқы ойыны еді.

Кездесу алаң иелері үшін сәтсіз басталды. 10-минутта Бабатунде Аденидженің пасынан кейін оң қанатта жалғыз қалған Эльдар Әбдірахманов есеп ашты.

Дегенмен бұл голға аса қуана қоймады. Өйткені Оралда футбол әліппесін үйренген Эльдар бұрынғы өз командасына гол соққан еді.
Бұдан кейін «Ақжайықтың» бапкерлері оң қанатта ойқастаған Э.Әбдірахмановты «тұсаулай алмаған» Еркебұлан Нұрғалиевтің орнына Орал футболының тағы бір түлегі Бауыржан Омаровты шығарды.

Бірінші таймда оралдықтардың есепті теңестіретіндей мүмкіндіктері болды. Әсіресе, украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеоланың пасынан кейін қақпа бос қалған сәтте Иван Антипов допқа аяғын тигізе алмады. Енді бірде Эсеоланың тепкен добы қақпадан тыс кетті.
Екінші таймда И.Антиповтың өкшемен берген әдемі добын Эсеола тепкенімен, оны «Атыраудың» қақпашысы Андрей Пасеченко қақшып ала білді. 64-минутта бұрыштамадан украиналық жартылай қорғаушы Игорь Худобяктың берген добын Азат Ерсәлімов айып алаңына тастады. Бұл жолы Эсеола баспен қақпа бұрышын дәл көздеді.

Ойынның 67-минутында Азат Ерсәлімовке қарсы дөрекі ойнаған атыраулық Руслан Эсатов алаңнан қуылды. Бірақ бұл басымдықты «Ақжайық» пайдалана алмай, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, Владимир Мазярдың шәкірттері биылғы маусымда осымен төртінші рет 1:1 есебімен тең ойнады. Бұл турдан кейін 10 ұпайы бар «Ақжайық» турнир кестесінде бұрынғысынша алтыншы орында келеді. Ал жеті ұпайы бар «Атырау» әзірге оныншы сатыда тұр.

13 мамыр күні өтетін келесі турда «Ақжайық» Ақтөбеде жергілікті командамен күш сынасса, атыраулықтар өз алаңында ел чемпионы «Астананы» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар