Футбол: Оралдың «Ақжайығы» маңызды кездесуде «Таразды» тізе бүктірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда «Таразды» қабылдады.

Бұл кездесу көш соңында келе жатқан қос команда үшін де маңызды еді. «Ақжайықтың» бас бапкері Талғат Байсуфинов осы ойынға жаңадан алынған үш бірдей футболшыны қосты. Қақпа сербиялық Срджан Остойичке сеніп тапсырылса, оның отандасы, бұрын дәл осы «Тараздың» құрамында ойнаған Мирослав Лелич шабуыл өтіне шықты. Сондай-ақ сол қапталды алматылық Рахимжан Розыбакиев күшейтуі тиіс еді.

Матчтың 15-минутында қонақтар өз айып алаңында М.Леличті итеріп жықты. Алматылық қазы Александр Алиев белгілеген 11 метрлік айып добын парагвайлық легионер Фредди Коронель дәл орындады. Екінші таймда ол 55-минутта тағы да мергендік танытып, қос доптың авторы атанды. Ойын барысында «Тараз» тым болмаса таразы басын теңестіру үшін тырысып бақты. Екінші таймда алаңға шыққан атақты украиналық футболшы, Украина мен Ресейдің белгілі клубтарында доп тепкен Александр Алиев 75-минутта алыстан қақпа бұрышын дәл көздеп, есепті қысқартты. Бұдан кейін де тараздықтардың гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Кездесу соңында екінші ескерту қағазын алған М.Лелич алаңнан қуылып тынды. Сөйтіп «Ақжайық» құрамындағы алғашқы ойынында тәртіпсіздігімен көзге түсті.

Тартысты бәсеке 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Бұл турдан кейін «Ақжайық» 11 ұпаймен турнир кестесінде сол 11-інші орнында қалды. «Тараз» 7 ұпаймен 12-інші сатыда келеді.

Батысқазақстандықтар келесі кездесуін өз алаңында 15 маусым күні «Атырау» командасымен өткізеді.

Айта кетейік, 15-інші турда «Астана» командасы өз алаңында Талдықорғанның «Жетісуін» 1:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде 40 ұпаймен өзгелерден ұзай түсті. «Ордабасы» Шымкентте 31 ұпаймен екінші орында келе жатқан Павлодардың «Ертісін» 2:0 есебімен ұтты. Алматының «Қайраты» сырт алаңда «Шахтерді» 5:0 есебімен ойсырата ұтып, 29 ұпаймен үшінші орынға орнықты. «Атырау» осыған дейін тым-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, көш басындағы командалардың қатарынан табылып жүрген Көкшетаудың «Оқжетпесін» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Алғашқы алтылықтан үміткерлердің бірі «Ақтөбе» командасы өзін өкшелеп келе жатқан Қостанайдың «Тобылына» 0:1 есебімен есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар
telegram