Футбол: Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Таразды» тізе бүктірді

ОРАЛ. 5 қазан. ҚазАқпарат - 5 қазан күні футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» «Тараз» командасын қабылдап, 2:1 есебімен тізе бүктірді.
None
None

Алаң иелерінің бас бапкері Любомир Петрович шешуші кездесулердің бірінен саналатын бұл ойында шабуыл шебінде чехиялық Павел Черныйға босниялық Недо Турковичті қосты. «Ақжайықтың» негізгі құрамында алғаш рет шыққан жиырма жасар жартылай қорғаушы Ізім Сәрсекенов те алдыңғы шептегілерге көмектесуге тиісті болды. Дәл пастар беріп, осы міндетін ол сәтті орындады деуге болады.

Кездесудің 28-минутында қонақтар қақпаға ұмтылған Н.Турковичті щалып жықты. Сол жерден айып добын тепкен Константин Зотов қақпа бұрышын дәл көздеді. Көп ұзамай алаң иелері тағы бір шабуылды әдемі ұйымдастырып, Недо Туркович «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұрынғы ойындарға қарағанда, шабуылға қоса керек кезінде қорғанысты да ұмытпаған босниялық легионер бұл жолы барын салып, жақсы қырынан көрінді.

Екінші таймда бірнеше ойыншыларды алмастырған «Тараз» есепті қалайда теңестіруге тырысып бақты. Кездесу соңына таман Константин Заречный «Ақжайық» қақпасының кілтін тапқанымен, алаң иелерін біраз састырған тараздықтардың одан әріге шамасы жетпеді.

Сөйтіп осы жеңістен кейін батысқазақстандықтар 15 ұпай жинап, алдыңғы командаларға жақындай түсті. Премьер-лигада қалу үшін жанталасып жүрген Өскеменнің «Востогында» 18, Талдықорғанның «Жетісуі» мен «Тараздың» еншісінде 17 ұпайдан бар. 19 қазан күні өтетін турда «Ақжайық» өз алаңында сол «Жетісуді» қабылдайды. Жеңсе, басып озады оны.

Соңғы жаңалықтар