ФУТБОЛ: «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жүлдесіне арналған жарыс өтті - Қызылорда

Осымен 17-інші мәрте ұйымдастырылған бәсекеге Сыр өңірінің барлық жеті ауданы мен Қызылорда қаласынан 8 команда қатысты. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мақсаты - жалпы білім беретін мектеп оқушыларын дене шынықтыру және спортпен айналысуға, оның ішінде футбол ойынына тарту, жасөспірім спортшылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, келешек спортшыларды анықтау, облыстың құрама командасын толықтыру.
Он күнге созылған жарыста Қызылорда қаласының командасы бірінші орынды, екінші орынды Арал аудан командасы, үшінші орынды Жалағаш ауданының командасы иеленсе, ал Шиелі аудан командасы төртінші орынды еншіледі.
Жарыста «Үздік қақпашы» аталымы бойынша Нұрым Қанатбай (Қазалы ауданы), «Үздік қорғаушы» - Бибарыс Шақатов (Қармақшы ауданы), «Үздік жартылай қорғаушы» - Мадияр Кеңесбай (Қызылорда қаласы), «Үздік шабуылшы» -Асхат Әшетов (Сырдария ауданы), «Мерген ойыншы» аталымы бойынша Бағдәулет Айдарбек (Жаңақорған ауданы) марапатталды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев пен «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Цинь Хунвэй жеңімпаз және жүлдегер командаларды құттықтап, кубок, грамота және бағалы сыйлықтарды табыстады.