Футбол: «Шахтер» сырт алаңда «Қызылжарға» есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі үшінші турының тағы бір кездесуі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Шахтер» сырт алаңда  «Қызылжарға» есе жіберді

Биыл еліміздің атынан еурокубок ойындарында бақ сынайтын Қарағандының «Шахтері» аталған турда екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл жолы қарағандылық ұжым Петропавлда «Қызылжар» командасына 0:2 есебімен есе жіберді. Кездесу барысында алаң иелері қатарынан Дарко Зорич 16, Шота Григалашвили 40-минуттарда мергендігімен көзге түсті.

Бүгін тағы екі ойынның бірінші кезеңі аяқталды. Бірінші кезеңнен кейін өз алаңында Алматының «Қайраты» «Тараздан» 0:2 есебімен жеңіліп жатыр. «Тараз» сапынан Педро Эуженио 9, Бауыржан Байтана 35-минутта гол соқты.

Бірінші кезеңнен Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Оралдың «Ақжайығымен» 0:0 есебімен тең түсуде.

Сондай-ақ, бүгін Қостанайда «Тобыл» мен елордалық «Астана» шеберлік байқасады.

Естеріңізге сала кетелік, 4 қыркүйекте аталған турдағы үшінші ойын өткізілді.