Футбол: «Шахтер» «Жетісуға» кеткен есесін қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 14-турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: «Шахтер» «Жетісуға» кеткен есесін қайтарды
Фото: shakhter.kz

Қарағандылық «Шахтер» өткен турда Талдықорғанның «Жетісуына» 0:1 есебімен кеткен есесін қайтарды.

Бұл жолы қарағандылық клуб сырт алаңда ойнағанына қарамастан жинақы қимыл көрсете білді.

Нәтижесінде олардың қатарынан Иван Свиридов 41, Роман Муртазаев 47, Кампо Мина Франциско 73-минуттарда мергендік танытса, «Жетісу» сапынан Алекс Рушевич 77-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Шахтер» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Тағы бір кездесуде «Ақтөбе» сырт алаңда Түркістан облысының «Мақтааралын» 2:1 есебімен жеңіп кетті. Ойын барысында түркістандық клуб сапынан Тоқтар Жаңғылышбай 32-минутта есеп ашқан еді. Оған «Ақтөбе» сапынан Милош Раичкович 45, Ньянгбо Франк Андерсон 56-минутта екі голмен жауап қайырды.

Өткен турда командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Енді 21:00-де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Оқжетпес» (Көкшетау) шеберлік байқасады.

2 шілдеде «Тобыл» (Қостанай) мен «Атырау» (Алматы), «Ордабасы» (Шымкент) мен «Ақсу» (Павлодар облысы) кездеседі.

Сондай-ақ, 2 шілдеде 13-турдың екі ойынында «Қызылжар» (Петропавл) пен «Қайрат» (Алматы), «Каспий» (Ақтау) мен «Астана» ойнайды.