Футбол: Талғат Байсуфинов «Ақжайық» командасының бас бапкері болып тағайындалды
«Ең бастысы, бұрыннан бар дәстүрді жоғалтпай, ойыншылар шеберлігін жетілдіріп, «Ақжайықтың» премьер-лигаға шығуына бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Талғат Маруанұлы.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, Т.Байсуфинов - Павлодар футболының түлегі. Павлодарлық клуб құрамында 180 матч өткізіп, 26 доп соққан, соның ішінде Қазақстан чемпионатындағы 110 ойында 17 голдың авторы атанған. Басқа да командаларда доп тепкен Т.Байсуфинов 1992 жылы Қазақстан құрамасына алынған.
Талғат Байсуфинов бапкер ретінде Степногорскінің «Ақсу», сондай-ақ «Есіл-Богатырь», 2008-2014 жылдары Павлодардың «Ертісін» жаттықтырған. Жаттықтырушы ретінде 2012 жылы Қазақстан чемпионатының күміс, 2010 жылы қола жүлдегері атанған, сондай-ақ 2012 жылы Қазақстан кубогының финалына дейін жеткен.
Айта кетейік, премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп отырған «Ақжайық» бірінші лигада алғашқы айналымнан кейін небәрі алтыншы орында келеді. Командаға сонымен қатар ойыншы ретінде болгариялық легионер Янко Валканов пен «Мақтааралдан» Роман Қисметов алынып отыр. Қорғаушы Я.Валкановтың «Ақжайықтың» құрамында 2012 жылы ойнағаны белгілі.