23:10, 06 Ақпан 2019 | GMT +5
Футбол: «Тобыл» Оңтүстік Корея командасымен кездесті
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайлық футболшылар Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарын жеңіліспен аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тобылдың» баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бүгін команда Оңтүстік Кореяның «Тэджон ситизен» командасымен кездесті. Ойынның алғашқы бөлігінде кореялықтар Эмиль Балаев қақпасынан саңылау тауып, гол соқты - 0:1. Бірінші тайм аяғына таман екі команданың ойыншылары қақтығысқа жол берді. Нәтижесінде, төреші қос командадан бір-бір футболшыны алаңнан қуды.
Екінші таймда командалар толық құраммен шықты. Бұл өзара келісім бойынша жасалды.
Екінші таймда «Тэджон ситизен» есепті тағы да еселеді. Мұнан соң командаға жаңадан келген Себаи «Тобыл» сапындағы алғашқы голын соқты. Қорытынды есеп - 1:2.
Осымен қостанайлықтардың Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары аяқталды.
Бұған дейін әзербайжандық қақпашы Эмиль Балаевтың Қостанай клубына ауысқанын жазған едік.