Футбол: Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасынан не күтеміз

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасы 2024/2025 жылғы маусымында В лигасында Норвегия, Австрия және Словениямен сынға түседі. Ұлттық құраманың алдағы мүмкіндігі қандай? Қарсыластары қай деңгейде? Бұл жөнінде Kazinform тілшісі сала мамандары, спорт журналистері мен жанкүйерлердің ойын білді. 

Ұлттар лигасы
Фото: ҚФФ

Жеңіске жете аламыз ба?

Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазақстандық футболшылар бұл бәсекеде төртінші мәрте бақ сынайын деп отыр. Бұған дейін түрлі лигада ойнады.

2018/19 жылдары D лигасында ойнаған ел құрамасы бірінші топта Грузия, Латвия, Андоррамен шеберлік байқасты. Бір кездесуде жеңіске жетіп, үшеуінде тең ойнаса, екеуінде жеңілістің ащы дәмін татты. Нәтижесінде топта екінші орынға жайғасты. 

Ал 2020/21 жылғы маусымда ұлттық құрама С лигасында төртінші топта сынға түсті. Қарсыластары – Албания, Беларусь және Литва. Қазақстандық футболшылар ойындардың біреуінде қарсыласынан басым түссе, біреуінде тең нәтиже тіркеліп, төртеуінде жеңіліп қалды. Салдарынан өз тобында төртінші орынды місе тұтып, өтпей ойындарға қатысуға мәжбүр болды.

Өтпелі ойында Молдованы сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірді. Өз алаңында 0:1 есебімен қарсыласына есе жіберіп қойды. Пенальтилер сериясында қазақстандықтар 5:4 есебімен жеңіске жетіп, С лигасындағы орнын сақтап қалды. 

2022/23 жылғы маусым ел құрамасы үшін табысты болды. Үшінші топта Словакия, Әзербайжан, Беларусьпен ойнаған қазақстандфқ футболшылар төрт кездесуде қарсыластарды қапы қалдырып, бір мәрте тең ойнаса, біреуінде есе жіберді. Осылайша ұлттық құрама өз тарихында тұңғыш мәрте В лигасында ойнауға мүмкіндік алды.

«Қайсар» командасында ұзақ жылдар бойы қақпашы болған Нұрлан Әбуов В лигасындағы ойындар Қазақстан құрамасы үшін үлкен сынақ болатынын айтады. 

«В лигасында қалай ойын көрсетеміз деген сауал жанкүйер көкейінде жүр. Ашығын айтқанда, бұл лигада тәжірибелі құрамалар саны өте көп. Олардың барлығы дерлік әлемдік және құрлықтық додаларға тұрақты түрде қатысып, мол тәжірибе жинақтаған. Сондықтан бұл - бізге өте үлкен сынақ. Менің ойымша, қазақстандық футболшылар үшін топта жоғары орын алу қиынға соғады. Әрине, доп домалақ дейді ғой. Тағы да Еуропа құрлығын таңғалдырып, оң нәтиже қол жеткізерміз. Бұл біздің құраманың деңгейін тағы бір мәрте таразыға тартады», - деді ол.

Холанд, Эдегор Қазақстанға келеді

Алдағы маусымда ұлттық құрама қалай ойнайды? Жанкүйерлер көңілінде қазір осы сұрақ тұр. Расында, қарсыластар оңай емес. Әрбірінде тәжірибелі футболшылар саны басым.

Алдымен Норвегия құрамасын алайық. Олардың сапында бүгінде Англияның «Манчестер Сити» сапында жарқылдап, көзге түсіп жүрген Эрлинг Холанд секілді жұлдыз бар. «Алтын допқа» үміткерлер қатарында есімі жиі аталып жүрген жас футболшы әрбір ойында өз құрамасын жеңіске жетелейтіні даусыз. Сондай-ақ Англияның «Арсенал» сапында тұрақты түрде жасыл алаңға шығып жүрген Мартин Эдегордыда футбол жанкүйерлері жақсы біледі. 

Айта кетсек, бұл құраманың негізгі бөлігі Еуропаның беделді клубтарында доп тебеді. Оларға Асхат Тағыберген, Бахтиер Зайнутдинов, Абат Айымбетов сынды жігіттер қаншалықты қауқар көрсете алатынын уақыт көрсетеді. 

«Ойындар күнтізбесі қолайсыз екен. Бұған дейінгі 2022/2023 жылғы маусымдағы Ұлттар лигасы өте қолайлы және ыңғайлы еді. Бір айға белгіленген екі ойын негізінен қатарынан өз алаңында немесе сыртта өткізілетін. Бұл жолы басқаша. Ондай ойындар біреуі өз алаңында, біреуі сыртта болады. Біздің елден Еуропаға барып ойнаған әлдеқайда жеңіл. Уақыт белдеуімен, күннің шығыс немесе батысымен барамыз. Бейімделу және жерсіну үдерісін көп сезбей де қаламыз», - дейді спорт шолушысы Нұрғазы Сасаев. 

Рас, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында қазақстандық айды аспанға бір-ақ шығарды. Азулы Дания құрамасын өз алаңында 3:2 есебімен сүріндіріп, Финляндияны сырт алаңда 1:0 есебімен қапы қалдырды. Кез келген құрамаға дес бере бермейтін Солтүстік Ирландия екі мәрте Қазақстан құрамасына қауқар көрсете алған жоқ. Ендеше, қазақстандық футболшылар бұл жолы да жанкүйер көңілінен шығатын ойын көрсете алады деген пікірді ешкім жоққа шығара алмайды.

Ал біздің құрама Австриямен бұдан бұрын төрт мәрте кездесті. Екеуінде тең түсіп, екеуінде жеңілістің ащы дәмін татты. Бұл жолы жеңіске жету жолын іздейміз бе? Ал былтыр құрлықтық дода іріктеуінде Қазақстан құрамасын екі мәрте жеңіп кеткен Словениядан енді есе қайтару мүмкіндігі туып тұр.

Жігіттерге сенім артамыз

Кейінгі жылдарда ұлттық құрама жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Соңғы Ұлттар лигасы мен Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында қарсыластардан қаймықпай, ойын көрсете алдық. Әлі де құрлықтық доданың финалдық сатысына шығудан үмітімізді үзе қойған жоқпыз. Наурыз айында Ұлттар лигасы плей-офф сатысында Грекия, Грузия, Люксембургпен Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Қазақстандық футболшылар сол жалғыз жолдаманы қалтаға басып, құрлықтық дода төрінен көрініп жатса ғанибет. Бұл оларға қосымша күш сыйлайтыны анық. 

Алдағы Ұлттар лигасындағы қарсыластарымыз арасында Норвегия 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысынан сырт қалды. Ал Австрия мен Словения жазда жанкүйерлер көз тігетін дүбірлі додада жасыл алаңға шығады. 

«Менің ойымша, әрбір қарсыласымызға дұрыс тактика қолдана білсек, өзімізге қажетті ұпайға қол жеткізуге болады. Оны доп додасында байқадық. Бізді кім Данияны жеңіп кетеді деп ойлады. Солтүстік Ирландияның өзі ешкім дес бере қоймайтыны белгілі ғой. Финляндияның да осал тұсын таптық. Сондықтан ұлттық құрама жігіттеріне табыс тілеймін», - дейді жанкүйер Есенжол Назаров. 

Қалай десек те, ұлттық құрама әлеуетін алдағы ойындар көрсетеді. Олардың жақсы нәтиже көрсетуіне сенім артамыз. Оған мүмкіндігіміз де жоқ емес.