Футбол: Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің жеребесі тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ирландия астанасы Дублин қаласында футболдан Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Футбол: Ұлттар лигасы финалдық кезеңінің жеребесі тартылды

Жарыс ережесіне сәйкес, А лигасында өз тобында жеңімпаз атанған төрт құрама жартылай финал және финалдық ойын өткізеді. Бүгінгі жеребе барысында 2019 жылғы 5 маусымда Португалия мен Швейцария, 6 маусымда Голландия мен Англия құрамалары кездесетін болды.

Бұл жұптар бойынша жеңімпаздары финалда, жеңілген құрамалар 3-орын үшін шеберлік байқасады. Аталмыш кездесулер 9 маусымда өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, футболдан Ұлттар лигасы ойындары биыл тұңғыш рет өткізілді. Ол 2018 жылдың қыркүйек және қараша айлары аралығында болды. УЕФА құрамындағы 55 құрама төрт лигаға бөлініп сынға түсті. Қазақстан Д лигасы бірінші тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен кездесті. Нәтижесінде өз тобында екінші орын алды. Бұл топтан Грузия жеңімпаз атанды. Олар келесі Ұлттар лигасында С лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды. 

Сондай-ақ, кеше Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстан I тобында сынға түсетін болды.