Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінің жеребесі тартылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Румыния астанасы Бухарест қаласында 2020 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеребе тарту нәтижесі бойынша құрамалар төмендегі топтарға бөлінді. А тобында Италия, Швейцария, Түркия, Уэльс, В тобында Бельгия, Ресей, Дания, Финляндия, С тобында Украина, Голландия, Австрия, Ұлттар лигасы Д тобындағы плей-офф кезеңінің жеңімпазы, Д тобында Англия, Хорватия, Чехия, Ұлттар лигасы С тобындағы плей-офф кезеңінің жеңімпазы, Е тобы Испания, Польша, Швеция, Ұлттар лигасы В тобындағы плей-офф кезеңінің жеңімпазы, F тобында Германия, Франция, Португалия, Ұлттар лигасы А тобындағы плей-офф кезеңінің жеңімпазы сынға түседі.
Естеріңізге сала кетелік, құрлықтық доданың финалдық сатысына барлығы 24 құрама қатысады. Бүгінгі күнге дейін жарыстың іріктеу сатысында әрбір топта бірінші және екінші орындарға ие болған 20 құрама белгілі. Енді олардың қатарына Ұлттар лигасы бойынша жеңімпаз атанған 4 құрама қосылады.
Еуропа чемпионаты финалдық кезеңі өз тарихында тұңғыш рет кәріқұрлықтың 11 мемлекетінде 12 маусым -12 шілде аралығында өткізіледі.
Бұл шара аталмыш турнирдің 60 жылдық мерейтойы құрметіне орайластырылып отыр. Алғаш рет Еуропа чемпионаты 1960 жылдың 6-10 шілде аралығында жалауын көтерген болатын. Сол жылы турнирдің финалдық кезеңінде бар-жоғы 4 құрама ғана бақ сынады.
Естеріңізге сала кетелік, футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында I тобында Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр және Сан-Марино құрамаларымен шеберлік байқасты. Нәтижесінде 10 ұпай жинап, өз тобында бесінші орынға тұрақтады.