Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты салтанатты түрде ашылды

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты салтанатты түрде ашылды
Фото: видеодан кадр/@qazsporttv

АСТАНА. KAZINFORM - Германияда футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шара Мюнхен қаласындағы «Альянс-арена» стадионында өткізілді.

Ашылу салтанатында 2024 жылдың қаңтар айында өмірден өткен, 1972 жылғы Еуропа чемпионатында команда капитаны болған Франц Беккенбауэрді еске алды. Оған Франц Беккенбауэрдің әйелі Хайди Беккенбауэр қатысты.

Ойын алдында Еуропа чемпионына берілетін кубокты Германия құрамасының экс-капитандары Юргенн Клинсманн мен Бернард Диц алып шықты. Дәл қазір А тобында Германия - Шотландия құрамаларының кездесуі басталады.

Еуропаның үздік құрамаларының 51 кездесуі толығымен «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ертең, 15 маусымда А тобында Венгрия - Швейцария, В тобында Испания - Хорватия, Италия - Албания ойындары болады.

Құрлықтық дода ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізіледі. Әлемдік доп додасында қазылық ететін төрешілер Англия, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция елдерінен келген.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазірге дейін Германия, Испания 3, Италия, Франция 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия 1 реттен жеңіс тұғырына көтерілді.

Соңғы жаңалықтар
telegram