Футболдан 2029 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысатын төрт команда анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - .Дүбірлі дода жақында АҚШ-та өткен аталған турнирдің ережесі негізінде өткізіледі.

Оған барлығы 32 команда қатысады. Алдын-ала есеп бойынша беделді бәсеке сол жылдың маусым-шілде айларына белгіленіп отыр.
Мұндай мүмкіндікке биыл Чемпиондар лигасында бас жүлдеге ие болған Францияның «Пари Сен-Жермен» командасы қол жеткізді. Сондай-ақ Азиядан «Аль-Ахли» (Сауд Арабиясы), Африкадан «Пирамида» (Мысыр), Солтүстік Америкадан «Крус Асуль» (Мексика) жолдама иегері атанды. Олардың барлығы өз құрлығындағы басты футбол турнирінде жеңіс тұғырына көтерілген. Алдағы уақытта олардың қатарын аталған турнирде жеңімпаз атанған командалар толықтырады.
Әзірге беделді бәсекенің қай елде өтетіні белгісіз. Оны ұйымдастыруға ниет білдірген мемлекеттердің қатарында Қатар алдыңғы орында тұр. Онда 2022 жылғы құрамалар арасындағы әлем чемпионаты болған тоғыз стадион сақадай-сай тұр. Оның алтауында қазір ішкі біріншілік ойындары өтіп жүр. Дегенмен олардың мұндай ұсынысына климаттық жағдайы кедергі келтіруі мүмкін. Бұл жағдайда клубтар арасындағы әлем чемпионатын қысқы мезгілде өткізуге тура келеді. Оған командалардың ойын кестесі сәйкес келмейді.
Сондай-ақ Испания, Португалия және Марокко клубтар арасындағы әлем чемпионатын өткізуге ниет білдірді. Бұл мемлекеттерде 2030 жылы құрамалар арасындағы әлем чемпионаты болады.
Оған қоса дүбірлі дода Бразилия, Аустралия және АҚШ-та өтуі мүмкін. нақты шешім алдағы уақытта қабылданады.
Айта кетсек, биыл клубтар арасындағы әлем чемпионатында Англияның «Челси» командасы бас жүлдеге ие болды.