Футболдан 29 жыл ұмыт қалған бәсеке қайта жаңғырмақ

Айта кетсек, аталған турнир 1985, 1993 жылдарда екі мәрте өткізілді. Онда Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтық біріншілігінде чемпион атанған құрамалар өзара шеберлік байқасты.
FIFA талабы бойынша жарысты әрбір төрт жылда әлем чемпионатының қарсаңында өткізу жоспарланған еді. Ол 1972-1983 жылдарда UEFA басшысы болған Артемио Франкидің құрметіне арналды.
1985 жылы Франция мен Уругвай құрамалары кездесті. Онда француз футболшылары қарсыластарын 2:0 есебімен сүріндірді. Ал 1993 жылы Аргентина мен Дания ойнап, негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Пенальтиден аргентиналық футболшылар 5:4 есебімен басым түсті.
Екі құрлықтың футбол саласының басшылары аталған бәсекені қайта жаңғырту жөнінде келісімге келді. Нәтижесінде 2022 жылдың 1 маусымында Англия астанасы Лондон қаласындағы «Уэмбли» стадионында Италия және Аргентина құрамалары ойнайды.
Кездесу елорда уақытымен 00.35-те Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салсақ, Италия құрамасы 2021 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. Ал Аргентина сол жылы Америка кубогында топ жарды.