Футболдан ӘЧ-2022: Қазақстан құрамасы Украинадан есе қайтара ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 31 наурызда футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысындағы екінші ойынында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Украинамен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.

Алғашқы турда Украина сырт алаңда Франциямен, одан кейін өз алаңында Финляндиямен 1:1 есебімен тең ойнады.

Ал Қазақстан бірінші турға қатысқан жоқ. Ал екінші турда өз алаңында Франциядан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

FIFA жариялаған соңғы рейтингте Франция 24-орында тұр. Ал Қазақстан онда 122-орында келеді.

Қазақстан мен Украина құрамасы бұған дейін төрт мәрте кездесті. Олардың барлығында қарсыласымыздың мерейі үстем болды.

Екі құрама алдымен 2006 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында жолықты. 2004 жылдың 8 қыркүйегінде Алматыда өткен ойында алдымен украиндар сапынан Алексей Белик 14-минутта есеп ашты. Одан кейін 34-минутта қазақстандық Андрей Карпович таразы басын теңестірді. Жеңіс голын Руслан Ротань 90-минутта соғып, Украина құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Одан кейін қос құрама 2005 жылдың 4 маусымында Киевте тағы бір мәрте шеберлік байқасты. Бұл жолы Украина құрамасының қазіргі бас бапкері Андрей Шевченко 18-минутта есеп ашса, 83-минутта қазақстандық Игорь Авдеев өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша украиндар 2:0 есебімен басым түсті.

Құрамалар 2010 жылғы әлем чемпионатында тағы бір топқа түсті. 2008 жылы 10 қыркүйекте Алматыда өткен кездесуде украиналық футболшылар 3:1 есебімен жеңіп кетті. Бұл ойында олардың сапынан Юрий Назаренко 45, 80, Андрей Шевченко 54-минуттарда мергендік танытса, оған 68-минутта қазақстандық Сергей Остапенко бір голмен жауап қайырды.

2010 жылдың 10 маусымында қазақстандықтар аталған қарсыласына 1:2 есебімен жол берді. Бұл ойында қазақстандық Таңат Нөсербаев 19-минутта есеп ашты. Алайда, одан кейін қазақстандық құрама қақпасына украиналық Юрий Назаренко 33, 47-минутта екі гол соғып кетті. Осылайша төрт ойын бойы қазақстандық құрама аталған қарсыласынан есе қайтара алмай келеді.

Қазақстан мен Украина құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 00.35-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған ойында словениялық Матей Юг бас төреші қызметін атқарады. Оған сол елден келген Матей Жунич пен Грега Кордеж көмекші болады. Қосалқы төреші де - словениялық Славко Винчич.

Сондай-ақ, бүгін елорда уақытымен 00.45-те Босния және Герцоговина өз алаңында Францияны қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар