Футболдан ӘЧ-2026: өтпелі кезең ойындарында финалға кімдер шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің өтпелі кезең ойындарында финалға жолдама алған құрамалар анықталды.

Футболдан ӘЧ-2026: өтпелі кезең ойындарында финалға кімдер шықты
Фото: UEFA.com

Бұл кезеңде Еуропа құрлығында А жолы бойынша Босния және Герцоговина Уэльсті 2:1, Италия Солтүстік Ирландияны 2:0 есебімен жеңсе, В жолымен Украина Швецияға 1:3, Албания Польшаға 1:2 есебімен есе жіберді.

Ал С жолымен Косово Словакияны 4:3, Түркия Румынияны 1:0, D жолымен Дания Солтүстік Македонияны 4:0, Чехия Ирландияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Енді финалда 31 наурызда Босния мен Герцоговина — Италия, Косово — Түркия, Чехия — Дания, Швеция — Польша кездеседі.

Ал құрлықаралық өтпелі ойындарда бірінші топта Боливия құрамасы Суринамды 2:1 есебімен жеңіп, енді олар 31 наурызда финалда Иракпен кездеседі.

Сондай-ақ тағы бір топтағы Жаңа Каледония — Ямайка жұбының жеңімпазы 31 наурызда финалда Конго Демократиялық Республикасымен жолдамаға таласады.

Айта кетсек, алғаш рет әлем чемпионатында 48 құрама бақ сынайды. Қазір оған 42 құрама жолдама алып үлгерді.

Әлем чемпионатының финалдық кезеңі 2026 жылдың 11 маусымы мен 19 шілдесі аралығында АҚШ-тың Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк, Филадельфия, Сан-Франциско, Сиэтл, Канаданның Торонто, Ванкувер және Мексиканың Гвадалахара, Мехико, Монтеррей қалаларында өтеді.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде. Қазірге дейін отандастарымыз Уэльстен екі мәрте (1:3, 0:1), Солтүстік Македониядан (0:1), Бельгиядан (0:6) есебімен жеңіліп, Солтүстік Македония және Бельгиямен (1:1) тең түссе, Лихтенштейнді (4:0, 2:0) екі мәрте тізе бүктірді.

Соңғы жаңалықтар