Футболдан ӘЧ: Оңтүстік Корея Гана құрамасынан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында 28 қарашада H тобында екінші турында Оңтүстік Корея және Гана кездесуі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан ӘЧ: Оңтүстік Корея Гана құрамасынан жеңіліп қалды

Алғашқы турда Оңтүстік Корея Уругваймен 0:0 есебімен тең түссе, Гана Португалияға 2:3 есебімен жол берді.

Сол себепті кездесу барысында екі құрама жеңіске жету жолын іздеді. Бірінші кезеңде ганалық футболшылар қатарынан екі гол соғып кетті. Оны Мохамед Салису 24, Мохамед Кудус 34-минуттарда мергендік танытты.

Екінші кезеңде корейлік футболшылар белсенді қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Чхо Кю Сун 58, 61-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша таразы басын теңесті.

Ал Мохамед Кудус 69-минутта қайтадан Гана құрамасын алға шығарды.

Осылайша Гана қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ, Португалия мен Уругвай кездесуі елорда уақытымен 1.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске салсақ, бұдан бұрын G тобында екінші турда Камерун және Сербия құрамалары 3:3 есебімен тең түсті.

Бұл топтағы Бразилия мен Швейцария кездесуін 22:00-де «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тамашаалуға болады.

Фото: championat.com