Футболдан Африка ұлттары кубогының финалына шыққан екі құрама анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Африка ұлттары кубогы финалына шыққан құрамалар анықталды.

Жартылай финалдың бірінде Нигерия мен Оңтүстік Африка құрамалары кездесті. Ойынның негізгі және қосымша кезеңінде қарсыластар 1:1 есебімен тең түсті. Пенальтиде Нигерия 4:2 есебімен жеңіске жетті.
Ал Кот-д’Ивуар мен Конго Демократиялық Республикасы кездесуін жалғыз гол шешті. Кот-д’Ивуар қарсыласын 1:0 есебімен қапы қалдырып, финалға жолдама алды.
Енді финалда Нигерия мен Кот-д’Ивуар бас жүлдені сарапқа салады.
Финалдық ойын 11 ақпанда Кот-д’Ивуар елінің Абиджан қаласындағы ұлттық стадионда өткізіледі.
Ал 3-орын үшін сайыс 10 ақпанға белгіленген.
Африка ұлттары кубогы 1957 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Содан бері Египет құрамасы чемпиондық атақты 7 мәрте жеңіп алды.
Сондай-ақ, Камерун - 5, Гана - 4, Нигерия - 3, Кот-д’Ивуар, Алжир, Конго Демокртаиялық Республикасы - 2, Замбия, Судан, Тунис, Сенегал, Эфиопия, Оңтүстік Африка, Марокко, Конго - 1 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Азия кубогы финалына шыққан екі құрама анықталды.