Футболдан әлем біріншілігіне іріктеу басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Ертең түн ауа футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем біріншілігіне іріктеу кезеңін бастайды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының жаңалықтарында айтылды.

Алғашқы қарсылас – азулы Уэльс командасы. Біздің жігіттер матч өтетін Кардифф қаласына жетті. Жуық арада жаттығуға кіріседі.
22 наурыз жыл басы. Ертең Қазақстан ұлттық құрамасы үшін де жаңа кезең басталғалы тұр. Бас бапкер Әлиев Әлиев жасақтаған команданың жаңалығы көп. Атап айтқанда, жуырда Лондонның Челсиіне ауысқан он алты жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев ұлттық құрамаға шақырту алды. Араға үш жыл салып Польшаның «Пущасында» ойнайтын Георгий Жуков та бас командаға оралды. Өзге легионерлерге келетін болсақ, біздің жігіттердің қатарына Даниядан Рамазан Оразов, Словакиядан Ғалымжан Кенжебек, Түркиядан Абат Айымбетов, Ресейден Максим Самородов қосылды. Әли Әлиев әттеген-ай дейтін тұстар да бар. Нұралы Әліптің былтыр алған жарақаты әлі мазалайтын көрінеді. Ал Бахтиер Зайнутдинов Түркиядағы оқу-жаттығуға ұшып келгенімен, денсаулығына байланысты алдағы ойында жасыл алаңға шыға алмайды.
Уэльс туралы аз-кем ақпарат. Команда ФИФА рейтінгінде 29-шы орында тұр. Негізгі футболшылары Тоттенхем, Фулхэм, Борнмут сынды Англияның мықты клубтарында ойнайды. Крейг Беллами жаттықтыратын жігіттер кейінгі алты матчта жеңілмей, ұлттар лигасында бір дивизион жоғарылады.
Еске салайық, Қазақстан ұлттық құрамасы Уэльстен бөлек Бельгия, Лихтенштейн, Солтүстік Македониямен бірге J тобына түскен еді. Бұл бестіктің жеңімпазы Әлем чемпионатына тікелей жолдама алады. Ал Қазақстан футболшылары Кардифтегі алғашқы жаттығуды жергілікті уақыт бойынша сағат кешкі 19:00-де өткізеді.
Айта кетелік Фристайл-могулдан Ұлттық құрама спортшысы Анастасия Городко Санкт-Мориц қаласында (Швейцария) өтіп жатқан фристайлдан әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндеген еді.