Футболдан әлем чемпионаты-2022: Алғаш рет әйел төрешілер қызмет атқарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан әлем чемпионаты тарихында алғаш рет әйел төрешілер қызмет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Әлем чемпионаты 20 қараша және 18 желтоқсан аралығында Катар мемлекетінде өткізіледі. Өз тарихында 22 мәрте жалауын көтергелі отырған дүбірлі додада барлығы 36 төреші қызмет етеді. Олардың қатарында Стефани Фраапар (Франция), Салима Мукасанга (Руанда) және Йошими Ямасита (Жапония) сынды әйел төрешілер бар.

Стефани Фраппар 1993 жылы дүниеге келген. 2011 жылдан бері Францияның үшінші лигасы санатындағы ұлттық чемпионатта төрешілік қызметін бастады. Ал 2014 жылы екінші лигада алғашқы әйел төреші ретінде алаңға шықты. 2015 жылы Канадада өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында төрешілер қатарына қосылды. Ал 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Жазғы олимпиада ойындарында Канада мен Австралия, Оңтүстік Африка мен Бразилия кездесуінде өз міндетін атқарды. Сондай-ақ, ол 2019 жылы Францияда өткен әйелдер арасындағы АҚШ пен Нидерланды ойынында төреші болды.

2019 жылы ол Францияның бірінші лигасында қызмет етті. 2020 жылдан бері УЕФА Чемпиондар лигасында төрешілік ете бастады.

Африканың Руанда елінде тұратын Салима Мукасанга 1988 жылы дүниеге келген. 2012 жылдан бері FIFA-ның халықаралық деңгейдегі төрешісі қатарына қосылды. 2019 жылы Францияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында өз міндетін атқарды. Сондай-ақ, ол 2022 жылы Африка ұлттары кубогында алғашқы әйел төреші ретінде тарихқа енді.

Ал Йошими Ямасита 1986 жылы дүниеге келген. Ол 2019 жылы Францияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында қызмет етті. Сондай-ақ, ол AFC Чемпиондар лигасында төреші болды.

Катардағы әлем чемпионатында 36 төрешіге алаң жиегінде 69 лайнсмен көмектессе, VAR жүйесіне 24 төреші жауап береді.

Еске салсақ, бұдан бұрын FIFA Қатарда өтетін әлем чемпионатына қатысушы командаларға үндеу жолдады.


Соңғы жаңалықтар