Футболдан әлем чемпионаты: Қатар құрамасы Эквадордан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының алғашқы кездесуінде Қатар құрамасы Эквадорға жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Турнирдің финалдық сатысына қатарлық футболшылар тұңғыш мәрте қатысып отыр. Ал Эквадор бұған дейін үшінші мәрте бақ сынады.

Сондықтан қатарлық құрамаға тәжірибе жетіспеген секілді. Кездесудің алғашқы минутынан эквадорлық футболшылар алға қарай ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде Энвер Валенсия 3-минутта қақпаны дәл көздеген еді. Алайда аталған гол ойын тәртібінің бұзылуына байланысты саналған жоқ.

Энвер Валенсия 16-минутта пенальтиден есеп ашты. Бұл - биылғы әлем чемпионатында соғылған алғашқы гол болатын. Ол 31-минутта есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда, діттеген мақсатына жете алған жоқ.

Осылайша Қатар футболшылары қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

Аталған екі құрама А тобында сынға түседі. Бұл топтағы Сенегал - Нидерланды кездесуі 21 қарашада елорда уақытымен 22:00- де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Сондай-ақ, бұл күні В тобындағы Англия - Иран кездесуін елорда уақытымен 19:00-де «Qazaqstan» және «Qazsport», АҚШ - Уэльс ойыны 01:00-де «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.


Фото: sports.kz


Соңғы жаңалықтар