Футболдан әлем чемпионатында Бразилия жеңісті жолын жалғастыра ма

Бұл топтағы Камерун және Сербия кездесуі елорда уақытымен 16:00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу Эль-Вакра қаласындағы 44325 жанкүйерге арналған «Эль-Джануб» стадионында өткізіледі.
Кездесуде Біріккен Араб Әмірлігінен келген Мохаммед Абдулла Хасан Мохаммед бас төреші қызметін атқарады.
Оған отандастары Мохамед Ахмед Юсуф Аль-Хаммади мен Хассан Мохаммед Хассан Аб Сукатари Аль-Махри көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Ма Нин.
2010 жылы өткен жолдастық кездесуде Сербия аталған қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті. Әзірге екі құрама арасында бұдан басқа ойын болған емес.
Аталған топтағы Бразилия мен Швейцария кездесуі елорда уақытымен 22:00-де «Qazaqstan» мен «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Кездесу ел астанасы Доха қаласындағы 44 089 жанкүйерге арналған «Стэдиум 974» стадионында өткізіледі.
Кездесуде бас төреші - сальвадорлық Иван Бартон. Оған отандасы Давид Моран Сантос пен суринамдық Захари Зегелар көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - Саид Мартинес.
2013 жылы өткен жолдастық кездесуде бразилиялық футболшылар 1:0 есебімен басым түссе, 2018 жылы әлем чемпионаты финалдық сатысының топтық кезеңінде құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Еске салсақ, 27 қарашада Е тобында Жапония Коста-Рикаға 0:1 есебімен жол берді.
Ал F тобында Бельгия құрамасы Мароккоға 0:2, Канада құрамасы Хорватияға 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Фото: Getty Images