Футболдан әлем чемпионатының финалына шыққан клубтар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан 2019 жылғы командалық әлем чемпионатының финалына жолдама алған клубтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан әлем чемпионатының финалына шыққан клубтар анықталды

Бүгін жартылай финалда Англияның «Ливерпуль» клубы Мексиканың «Монтеррей» командасымен кездесті. Ойын барысында есепті ағылшындық клуб ашқан болатын. Ойынның 11-минутында Наби Кейта қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды. Дегенмен арада небәрі үш минут өткенде мексикалық футболшылар таразы басын теңестіріп кетті. Оны 14-минутта Рохелио Мори өзінің еншісіне жазды. Ал 91-минутта Роберто Фирмино жеңіс голын соқты. Осылайша финалға «Ливерпуль» шықты. Кеше, 17 желтоқсанда «Фламенго» клубы «Аль-Хиляль» командасын 3:1 есебімен жеңіп, финалға алғашқы болып жолдама алды. Финал 21 желтоқсанда өткізіледі.

Аталмыш доп додасы барлығы 7 команда қатысты. Олардың қатарында Мұхит аймағынан - Жаңа Каледонияның «Иенген Спорт», Азиядан - Катардың «Аль-Садд», Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль», Солүстік Америкадан - Мексиканың «Монтеррей», Африкадан - Тунистің «Эсперанс», Оңтүстік Америкадан - Бразилияның «Фламенго», Еуропадан - Англияның «Ливерпуль» командалары бақ сынап жатыр.

Бүгінгі күнге дейін барлығы 9 команда командалық әлем чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. «Ливерпуль» 2005 жылы финалға дейін жетіп, ол жолы Бразилияның «Сан-Паулу» командасына жол берген еді. Ал Испанияның «Реал Мадрид» клубы - 4, «Барселона» -3, Бразилияның «Коринтиансы» -2 мәрте, «Интернасьонал», «Сан-Паулу», Италияның «Милан», «Интернационале», Англияның «Манчестер Юнайтед», Германияның «Бавария» клубтары бір-бірден чемпион атанды.