Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында ережеге өзгеріс енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында биыл ережеге бірқатар өзгеріс енгізілді.

қыздар футболы
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Биыл ел чемпионатында ойын көрсететін ерлер клубтарының әйелдер құрамалары да толықтай қатысады. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді. 

Қазақстан Премьер-лигасы сайтында көрсетілгеніндей, биыл турнирде «Атырау», «Жетісу» (Талдықорған), «Астана», «Елімай» (Семей), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Ақтөбе», «Ұлытау» (Жезқазған), «Қайрат» (Алматы), «Томирис-Тұран» (Түркістан), «Оқжетпес» (Көкшетау), «БИІК» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай) және «Жеңіс» (Астана) сынды 14 команда сынға түседі.

Сондай-ақ биыл әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады. Ал ең жоғарғы жас шегі – 41 жас.

Еске салсақ, футболдан Қазақстан 19 жасқа дейін қыздар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі екінші ойынында Косоводан жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар