Футболдан Әйелдер лигасында БИІК клубы «Жетісуды» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Әйелдер лигасында ХХ турдағы тағы бір ойынның нәтижесі белгілі болды. Бұл жолы шымкенттік БИІК клубы сырт алаңда талдықорғандық «Жетісу» командасымен шеберлік байқасты.
Кездесу барысында шымкенттік команда қарсыласына жауапсыз жеті доп соқты. Осылайша олар талдықорғандық клубты 7:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 55 ұпаймен екінші орында тұр.
Енді олардың бас жүлдеден негізгі қарсыласы - «Ақтөбе» 4 қыркүйекте түркістандық «Томирис-Тұранмен» жасыл алаңға шығады.
Аталған турдағы өзге ойын нәтижелері төмендегіше:
1 қыркүйек
«Жеңіс» (Астана) - «Қызылжар» (Петропавл) 3:0
«Оқжетпес» (Көкшетау) - «Елімай» (Семей) 0:11
«Атырау» - «Қайрат» (Алматы) 0:6
«Тобыл» (Қостанай) - «Ұлытау» (Жезқазған) 0:2
«Қайсар» (Қызылорда) - «Астана» 2:2.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр.
Осыған дейін БИІК командасының Еуропа кубогындағы қарсыласы анықталғаны туралы жаздық.