Футболдан Әйелдер лигасында «Томирис-Тұран» «Атырауды» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Әйелдер лигасында ХІХ туры мәресіне жетті.

Бұл турдағы екі ойын алдын ала өткізілсе, бесеуі бүгін болды.
Үздік үштікте келе жатқан Түркістанның «Томирис-Тұраны» өз алаңында «Атырауды» 7:0 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.
Ал Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» 2:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде төртінші орынға тұрақтады.
Ойын кестесі:
- «Астана» - «Жетісу» (Талдықорған) 2:0
- «Қайрат» (Алматы) - «Жеңіс» (Астана) 1:2
- «Қызылжар» (Петропавл) - «Қайсар» (Қызылорда) 2:0
- «Ұлытау» (Жезқазған) - «Оқжетпес» (Көкшетау) 10:0
- «Томирис-Тұран» (Түркістан) - «Атырау» 7:0
Бұл турдағы алдын ала өткізілген ойында Шымкенттің БИІК клубы сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 23:0, «Ақтөбе» Семейдің «Елімайын» 8:1 есебімен жеңді.
Федерация талабымен ерлер клубтарының жанынан биыл әйелдер құрамалары құрылған.
Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр.