Футболдан әйелдер лигасында «Тұран» сырт алаңда жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан еліміздің әйелдер лигасы екінші турының алғашқы ойын күні өтті.
Бүгін, 4 мамырда А конференциясында командалар өзара сайысқа түсті. Былтыр ел біріншілігінде үшінші орынға табан тіреген түркістандық «Тұран» биыл да сол жетістігін қайталауға күш салмақ. Олар бұл турда сырт алаңда жезқазғандық «Ұлытау» командасынан 4:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ бүгін бұл конференцияда тағы үш ойын өткізілді.
А конференциясы
- «Каспий» (Ақтау) - «Қайсар» (Қызылорда) 0:1
- «Ұлытау» (Жезқазған) - «Тұран» (Түркістан) 0:4
- «Қайрат» (Алматы) - «Ордабасы» (Шымкент) 1:2
- «Жетісу» (Талдықорған) - «Атырау» 0:1.
Енді 5 мамырда В конференциясында бес кездесу жоспарланған.
5 мамыр
В конференциясы
- «Елімай» (Семей) - «Тобыл» (Қостанай)
- «Қызылжар» (Петропавл) - «Ертіс» (Павлодар)
- «Алтай» (Өскемен) - «Шахтер» (Қарағанды)
- «Ақтөбе» - «Астана»
- «Жеңіс» (Астана) - «Оқжетпес» (Көкшетау).
Биылғы маусым отандық әйелдер футболы тарихындағы ең ауқымды әрі қызықты кезеңдердің бірі болмақ. Чемпионатқа 19 команда қатысып, лига екі конференцияға бөлінді. А конференциясында - 9 команда, В конференциясында - 10 команда ойнайды.
Командалар екі кезеңдік жүйе бойынша өзара кездесу өткізеді. Одан кейін әр конференциядан 1 және 2 орын алған клубтар жартылай финал мен финалда чемпиондық үшін таласады.