Футболдан Азия кубогы: Өзбекстан құрамасы Сириямен тең түсті
Катарда футболдан Азия кубогында 13 қаңтарда екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық жанкүйерлер елімізге көршілес жатқан Өзбекстан және Тәжікстан құрамаларының алғашқы ойындарына назар аударғаны анық.
Өзбекстандық футболшылар В тобында бірінші турда Сириямен шеберлік байқасты. Тартысты өткен кездесуде есеп ашылған жоқ, 0:0.
Бұл топтағы тағы бір кездесуде Австралия құрамасы Үндістанды 2:0 есебімен жеңді.
Ал А тобында Тәжікстан мен Қытай құрамалары 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Бұл топта 12 қаңтарда Катар Ливанды 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді 14 қаңтарда С тобында Иран мен Палестина, Біріккен Араб Әмірлігі мен Гонконг кездеседі.
Сондай-ақ, бұл күні D тобында Жапония мен Вьетнам жасыл алаңға шығады.
Азия кубогы ойындары 1956 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін Жапония - 4, Сауд Арабиясы мен Иран - 3, Оңтүстік Корея - 2, Израиль, Кувейт, Австралия, Ирак, Катар 1 реттен чемпион атанды.