Футболдан бірінші лигада «Елімай» көш басына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасында ел біріншілігінің 13-турында семейлік «Елімай» қайтадан көш басына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан бірінші лигада «Елімай» көш басына шықты

Бұл жолы семейлік клуб өз алаңында Шымкенттің «Оңтүстік академиясын» 5:2 есебімен тізе бүктірді. Олардың қатарынан Бека Кавтарадзе 10, 36, Ален Айманов 57, Максим Житнев 61, Арман Нүсіп 93-минутта гол соқса, оған шымкенттік клубтан Шадман Бәкіров 50, Әли Тұрғанов 82-минутта екі голмен жауап қайырды.

Аталған жеңістің нәтижесінде «Елімай» турнир кестесінде қайтадан бірінші орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде алматылық «Хан-Тәңірі» өз алаңында елордалық «Жеңістен» 3:2 есебімен басым түсті.

Аталған турда 30 маусымда «Ақтөбе жастары» бұл жолы Түркістан облысының «Арысын» 5:1 есебімен жеңсе, Павлодар облысының «Екібастұзы» өз алаңында Шымкенттің «Қыранына» 1:2 есебімен жол берсе, «Тараз» бен «Астана-2» командалары 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ, 29 маусымда «Tүркістан» өз алаңында «Қайрат-жастарымен» 1:1 есебімен тең түссе, «Тұран» «Ақжайықты» 3:1 есебімен тізе бүктірді.