Футболдан бірінші лигада «Елімай» турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының 20-турында Семейдің «Елімайы» «Түркістанды» жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Семейлік клуб биыл Премьер-лигаға оралуды алдына мақсат етіп отыр. Әрбір турда қарсыластарын қапы қалдырып, үш ұпайды еншілеп келеді.
Команда 20-турда сырт алаңда «Түркістанды» 2:1 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде турнир кестесінде өкшелеп келе жатқан түркістандық «Тұранды» жеті ұпайға артқа қалдырып отыр.
Аталған турдағы өзге ойындарда 18 тамызда «Астана-2» «Қыранды» 2:1, «Қайрат-2» «Арысты» 5:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал 17 тамызда «Тараз» «Хан тәңірін» 2:1, «Тұран» «Екібастұзды» 6:1 есебімен жеңсе, «Ақжайық» «Оңтүстік академиясына» 1:2, «Жас Қыран» «Жеңіске» 0:1 есебімен есе жіберді.
Енді 21-тур ойындары 24 және 25 тамыз күндері өткізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық футболшы Бахтияр Зайнутдинов Түркияның «Бешикташ» клубына ауысты.