Футболдан бірінші лигада «Қайсар» екінші орынға көтерілді
Алғашқы ойында елордада жергілікті «Жеңіс» командасымен кездескен Талдықорғанның «Жетісуы» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында Бауыржан Тұрысбек 86-минутта мергендік танытты.
Нәтижесінде «Жетісу» қатарынан төрт мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алды. Қазір талдықорғандық клуб 23 ұпаймен жетінші орында келеді.
Бүгінгі тағы бір кездесуде Қызылорданың «Қайсары» өз алаңында Түркістанның «Яссы» командасын қабылдады.
Ойын барысында қызылордалық клубтан Дидар Жалмұқан 11 Мамаду Диалло 30, 35, 68-минуттарда мергендік танытты. Оған «Яссы» сапынан Алексей Михайлов 70, Айбол Жақаев 91-минуттарда екі голмен жауап қайырды.
Осылайша «Қайсар» қарсыласын 4:2 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде турнир кестесінде 32 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Бес ойында қызылордалық клуб ала-құла ойын көрсетіп жүр. Небәрі екі мәрте жеңіске жетіп, үшеуінде қарсыласына есе жіберді. Сондықтан бүгінгі ойында олар үшін жеңіс ауадай қажет болатын.
Енді алдағы тур ойындары 27 және 28 тамыз күндері өтеді.
Еске салсақ, футболдан ел біріншілігінде әрбір тур белгілі ардагерлерге арналады.