Футболдан бірінші лигада «Қыран» елорда клубынан жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің он бесінші тур ойындары өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан бірінші лигада «Қыран» елорда клубынан жеңіліп қалды


Бұл турда үздік үштікте келе жатқан Шымкенттің «Қыраны» сырт алаңда елорданың «Жеңісіне» 0:1 есебімен жол берді.

Осылайша шымкенттік клуб ойламаған жерден үш ұпай жоғалтып алды. Турнир кестесінде екінші орынды сақтап қалғанымен Премьер-лигаға шығу жағдайын біршама қиындатты.

Сондай-ақ аталған турда Түркістанның «Яссы» командасы Қарағандының «Шахтер-Болатын» 4:1, Шымкенттің «Академия Оңтүстік» клубы елорданың «Астана жастарын» 5:3 есебімен жеңді.

Ал Қызылордада «Байқоңыр» Жамбыл облысының «Тараз-Қаратау» командасымен 1:1 есебімен тең түссе, Павлодар облысының «Екібастұзы» Алматының «Қайрат жастарына» 0:3 есебімен жол берді.

Аталған турдағы «Игілік» (Жамбыл облысы) пен «Қайсар» (Қызылорда), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Оқжетпес» (Көкшетау) ойындары 4 қазанға белгіленген.

Еске салсақ, 6 тамызда Қазақстан кубогында екінші ойын күні өтті.