Футболдан бірінші лигада «Оқжетпес» қарсыласынан жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 24-туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнир кестесінде көш басында келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» аталған турда Алматының «Қайрат жастарына» 1:2 есебімен жол берді.
Ал Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Түркістанның «Яссы» клубынан 4:0 есебімен басым түсті.
Аталған турдағы қалған ойындарда өз алаңында Қызылорданың «Байқоңыры» Қарағандының «Шахтер-Болатына» 0:1 есебімен жеңілсе, Жамбыл облысының «Тараз-Қаратауы» Шымкенттің «Қыранына» 2:4 есебімен жеңілді.
Тағы бір кездесуде Павлодар облысының «Екібастұзы» елорданың «Астана жастарымен» 2:2 есебімен етң түсті.
Сондай-ақ, өз алаңында Астананың «Жеңісі» Қызылорданың «Қайсарына» 0:2, Шымкенттің «Академия Оңтүстігі» Жамбыл облысының «Игілігіне» 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді алдағы тур ойындары 28 қазан күні өткізіледі.