Футболдан бірінші лигада «Оқжетпес» көш бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің он үшінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көш басында келе жатқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» бүгін сырт алаңда Павлодар облысының «Екібастұз» командасын 1:0 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде турнир кестесінде 31 ұпаймен бірінші орнын сақтап қалды.
Одан кейінгі орындағы Шымкенттің «Қыраны» Алматыда «Қайрат-жастарды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Аталған клуб 29 ұпаймен екінші орынға орнықты.
Сондай-ақ, Жамбыл облысының «Тараз-Қаратау» клубы сол өңірдің тағы бір өкілі «Игілікті» 1:0, елордалық «Жеңіс» қарағандылық «Шахтер-Болатты» 4:1, «Астана жастар» қызылордалық «Байқоңырды» 3:1, шымкенттік «Академия Оңтүстік» түркістандық «Яссыны» 3:2 есебімен жеңді.
Аталған турдағы тағы бір ойында 12 шілдеде Талдықорғанның «Жетісуы» қызылордалық «Қайсардан» 2:1 есебімен басым түскен еді.
Енді 14-тур ойындары 30, 31 шілде және 24 тамыз күндері өтеді.