Футболдан Бірінші лигада «Алтай» «Каспийді» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Бірінші лигада 17-турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

Бүгін, 7 тамызда аталған турдағы үш кездесу өткізілді. Олардың арасында «Алтай» (Өскемен) мен «Каспий» (Ақтау) кездесуі жанкүйер қызығушылығын туғызды. Екі команда турнир кестесінде бірінші және екінші орынды өзара бөлісіп келеді. Сондықтан ойынның тартысты өтетіні анық еді.
Бұл ойында өскемендік футболшылар алғашқы минуттан тізгінді өз қолында ұстауға тырысты.
Нәтижесінде олар бірінші кезеңде қарсылас қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Ойынның 2-минутында Ибрагим Дадаев есеп ашса, одан кейін Әділет Омарбек 6-минутта есепті үстемелей түсті.
Ал Ибрагим Дадаев 38, 47-минутта тағы екі мәрте көзге түссе, Артём Teтерин 79-минутта мергендік танытты. Оған «Каспий» сапынан Мирас Тұрлыбек 57-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Алтай» қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 38 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ аталған турда шымкенттік «Академия Оңтүстік» елордалық «SD Family» командасын 5:2 есебімен жеңсе, «Қайрат-2» (Алматы) мен «Ақтөбе-2» командалары 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Енді аталған турда 8 тамызда «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Хан тәңірі» (Алматы), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы), AKAS (Алматы) мен «Ертіс» (Павлодар), «Тараз» бен «Түркістан» ойнайды.
Еске салсақ, бүгін елордалық «Астана» UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Швейцарияның «Лозанна» командасымен кездеседі.