Футболдан Бірінші лигада «Арыс» алғашқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Бірінші лиганың ІV турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.
Бұл турда Түркістан облысының «Арысы» елордалық «Астана-Ж» командасымен кездесуінде біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Биыл жергілікті кәсіпкерлер қолдауымен қайта құрылған команда қазірге дейін қатарынан үш мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, қарсыластар қақпасына бірде-бір мәрте гол соққан жоқ еді.
Ал бүгін олар нәтижелі ойын көрсетті. Бірінші кезеңде елордалық клуб қақпасына үш гол соғып үлгерді. Оған «Астана-Ж» екінші кезеңде бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Арыс» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ойын нәтижелері
30 сәуір
«Ақтөбе-Ж» - «Каспий-Ж» (Ақтау) 3:3
«Елімай-2» (Семей) - «Батыр» (Павлодар облысы) 0:2
«Арыс» (Түркістан облысы) - «Астана-Ж» 3:1
Енді қалған төрт ойын 1 және 2 мамыр күндері өткізіледі. 1 мамырда 3 ойын болса, біреуі 2 мамырға белгіленген.
Алдағы ойындар кестесі
1 мамыр
15:00. «Шахтер» (Қарағанды) - «Тобыл-Ж» (Қостанай)
16:00. «Академия Оңтүстік» (Шымкент)- «Тараз»
18:00. «Тұран» (Түркістан) - «Хан тәңірі» (Алматы)
2 мамыр
18:00. «Жайық» (Орал) - «Қайрат-Ж» (Алматы).
Өткен жылы Бірінші лигада алғашқы үш орынға ие болған «Каспий» (Ақтау), «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) командалары Премьер-лигаға тікелей жолдама алды. Ал Премьер-лигада соңғы орынды місе тұтқан «Тұран» биыл бірінші лигада сынға түсіп қалды.