Футболдан бірінші лигада «Каспий» алғаш рет жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM - Ақтаулық «Каспий» футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінде алғаш рет жеңіліп қалды.

6 маусымда оныншы турдың алғашқы ойын күні өтті.
Бұл күні «Каспий» өз алаңында Алматының «Хан тәңірі» командасын қабылдаған еді.
Кездесу барысында ақтаулық клуб қарсыласына 3:5 есебімен есе жіберді. Осылайша олар оныншы турда алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татып отыр.
«Каспий» соған қарамастан турнир кестесінде бірінші орынды сақтап қалды.
Сондай-ақ аталған турда Жезқазғанның «Ұлытауы» өз алаңында Қызылорданың «Қайсар-2» командасын 4:1 есебімен тізе бүктірсе, «Tүркістан» мен «Ақжайық» 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Ал Өскеменнің «Алтайы» мен Шымкенттің «Қыран» командалары арасындағы кездесу өткен жоқ. Ойынға қаржы мәселесіне байланысты шымкенттік ұжым келе алған жоқ.
Енді 7 маусымда «Ақтөбе-2» мен «Жетісай» (Түркістан облысы), «Қайрат-2» мен «Арыс» (Түркістан облысы), «Тараз» бен «SD Family» (Астана), «Екібастұз» (Павлодар облысы) бен «Оқжетпес» (Талдықорған) кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты көрсетілімінің ойын кестесі анықталды.