Футболдан бірінші лигада «Каспий» сегіз ойын қатарынан жеңілген жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Бірінші лиганың ХХІV туры мәресіне жетті.

Бұл турда көкшетаулық «Оқжетпес» кезекті жеңісіне қол жеткізді. Аталған команда өз алаңында Павлодар облысының «Екібастұзын» 2:1 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды.
Премьер-лигаға шағуды алдына мақсат еткен Жезқазған қаласының «Ұлытауы» сырт алаңда Түркістан облысының «Жетісайынан» 2:0 есебімен басым түсті.
Ақтаулық «Каспий» сегіз ойыннан бері жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Олар бұл жолы сырт алаңда «Таразды» 2:1 есебімен қапы қалдырды. Сол арқылы үздік үштікте келе жатқан командаларға жақындай түсті.
Аталған турда алматылық «Хан тәңірі» оралдық «Ақжайықты» 1:0, елордалық «SD Family» «Ақтөбе-2» командасын 4:0, қызылордалық «Кайсар-2» өскемендік «Алтайды» 2:0 есебімен жеңсе, «Tүркістан» алматылық «Кайрат-2» клубына 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді алдағы тур ойындары 19 қыркүйекте өткізіледі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футзалдан әлем чемпионаты қазақстандық қай телеарнадан көрсетілетіні анықталды.