Футболдан бірінші лигада «Каспий» жетінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің тоғызыншы турының алғашқы ойын күні өтті.
Көш басында келе жатқан Ақтаудың «Каспий» командасы бұл жолы да сүрінген жоқ. Сырт алаңда Шымкенттің «Қыранын» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша жетінші жеңісіне қол жеткізген «Каспий» турнир кестесінде қарсыластарынан ұзай түсті.
Оларды өкшелеп келе жатқан Түркістан облысының «Жетісайы» аталған турда сырт алаңда Павлодар облысының «Екібастұзына» 1:2 есебімен жол берді.
Өз алаңында «SD Family» өскемендік «Алтай» клубынан 1:2 есебімен жеңілсе, «Қайрат-2» «Tүркістаннан» 5:1 есебімен басым түсті.
Енді аталған турда 31 мамырда «Арыс» пен «Тараз», «Қайсар-2» мен «Ақжайық», «Оқжетпес» пен «Ұлытау», «Хан Тәңірі» мен «Ақтөбе-2» кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кубогында «Тобыл» мен «Ақтөбе» жеңіске жетті.