Футболдан бірінші лигада «Оқжетпес» алғашқы ойында жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші турындағы алғашқы ойын күні өтті.

Алғашқы ойын күнінде төрт кездесу өтті. Былтыр Премьер-лигада доп тепкен Көкшетаудың «Оқжетпес» клубы бұл жолы сүрінген жоқ. Сырт алаңда «Тараз» команадсынан 2:1 есебімен басым түсті.
Дәл осындай есеппен Жезқазғанның «Ұлытауы» сырт алаңда Астананың «SD Family» клубынан басым түсті. Ұлытау облысының атынан сынға түсіп жатқан команда былтыр екінші лигада жеңімпаз атанып, биыл бірінші лигада ойын көрсетуге мүмкіндік алған еді. Осылайша алғашқы кездесуінде сәттілік серік болып, қарсыласын қапы қалдырып кетті.
Сондай-ақ, алғашқы турда Қызылорданың «Қайсар-жас» клубы «Ақтөбе-жастан» 3:1 есебімен басым түссе, Алматының «Хан Тәңірі» клубы «Жетісайды» 1:0 есебімен жеңді.
Енді 5 сәуірде «Ақжайық» пен «Екібастұз», «Қыран» мен «Түркістан», «Арыс» пен «Каспий» ойнаса, 7 сәуірде Қайрат-Жастар» «Алтайды» қабылдайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 3-туры өтті.