Футболдан бірінші лигада «Шахтер» мен «Ертіс» тең түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 1 мамырда футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 4-турның алғашқы ойын күні өтті.

Бұл күні жанкүйерлер негізінен «Шахтер» (Қарағанды) мен «Ертіс» (Павлодар) кездесуіне көз тікті. Кезінде Премьер-лигада көшбасшы клубтар қатарында болған олар биыл бірінші лигада сынға түсіп жатыр.
Қарсыластар биылғы доп додасын сәтті бастады. Алғашқы үш турда бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ еді. Десе де бүгінгі ойын барысында олар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Командалар 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Ал алматылық «Қайрат-2» өз алаңында Павлодар облысының «Екібастұзын» 7:0 есебімен ойсырата жеңді.
Сондай-ақ бүгін Түркістан облысының «Жетісай» (Түркістан облысы) өз алаңында астаналық «SD Family» клубына 1:2 есебімен жол берсе, өскемендік «Алтай» (Өскемен) мен «Ақтөбе-2» 0:0 есебіне қанағат білдіріп тарасты.
Енді 2 мамырда «Тараз» бен «Каспий» (Ақтау), AKAS (Алматы) пен «Хан тәңірі» (Алматы), «Академия Оңтүстік» (Шымкент) пен «Түркістан» ойнайды.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді. Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.