Футболдан Бірінші лигада «Шахтер» сырт алаңда ойсырай жеңілді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Бірінші лигада 12-турында қарағандылық «Шахтер» сырт алаңда «Тараздан» ойсырай жеңілді. 

Футболдан Бірінші лигада «Шахтер» сырт алаңда ойсырай жеңілді
Фото: Футболдан Қазақстан кәсіби лигасы

Биыл қарағандылық клуб Премьер-лигаға қайта оралуды алдына мақсат етіп отыр. Дегенмен олардың ойын өрнегі жанкүйер көңілінен шығар емес.

Бүгін қарағандылық команда сырт алаңда «Тараз» клубымен кездесті. Ойын барысында тараздық футболшылар жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Абзал Мұханбетжанов 31, 38-минутта мергендік танытса, одан кейін Санжар Кемелбек 77, 84-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Шахтер» қарсыласына 0:4 есебімен жол берді.

Сондай-ақ аталған турда ақтаулық «Каспий» мен алматылық «Қайрат-2» командалары 0:0 есебіне қанағат білдірсе, өскемендік «Алтай» Түркістан облысының «Алтайын», павлодарлық «Ертіс» Алматының «Хан Тәңірі» клубын 2:0 есебімен сүріндірді.

Ал 3 шілдеде елордалық «SD Family» Павлодар облысының «Екібастұзына» 0:1, алматылық AKAS шымкенттік «Академия Оңтүстікке» 0:2 есебімен жеңілсе, «Түркістан» мен «Ақтөбе-2» клубтары 1:1 есебімен тең түсті.

Енді алдағы тур ойындары 10 және 11 шілде күндері өтеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Андрей Ферапонтов «Оқжетпес» командасы бас бапкері қызметінен кетті.

Соңғы жаңалықтар