Футболдан бірінші лигада «Жетісай» жетінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің оныншы туры мәресіне жетті.
Аталған турдың екінші ойын күнінде Түркістан облысының «Жетісайы» сырт алаңда «Ақтөбе-2» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл - олардың біріншіліктегі жетінші жеңісі.
Биыл бірінші лигаға шыққан «Жетісай» жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Турнир кестесіндегі үздік үштікте тұр. Бүгінгі жеңісінен кейін олар 22 ұпаймен екінші орнын сақтап қалды. Көш басында келе жатқан «Каспиймен» жинаған ұпайы бірдей.
Ал Павлодар облысының «Екібастұз» клубы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 0:2 есебімен жол берсе, алматылық «Қайрат-2» Түркістан облысының «Арысын» 2:1 есебімен жеңді.
Бұл турдағы «Тараз» және «SD Family» кездесуінде есеп ашылған жоқ, 0:0.
Айта кетсек, 6 маусымда «Каспий» өз алаңында «Хан тәңіріне» 3:5 есебімен жеңілсе, «Ұлытау» «Қайсар-2» командасын 4:1 есебімен жеңді.
Ал «Tүркістан» мен «Ақжайық» 1:1 есебіне қанағат білдірсе, «Алтай» мен «Қыран» кездесуі өткен жоқ.
Енді алдағы 11-тур ойындары 13 және 14 маусым күндері өткізіледі.