Футболдан Чемпиондар лигасы: Ағылшын командалары қарсыластарынан басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалында Англияның «Ливерпуль» командасы Португалияда «Бенфикадан» басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Чемпиондар лигасы: Ағылшын командалары қарсыластарынан басым түсті

Екі команда арасындағы кездесуде ағылшындар жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Мохамед Конате 17, Садио Мане 34, Луис Диас 87-минуттарда мергендік танытты. Оған алаң иелерінен Дарвин Нуньес 49-минутта жалғыз голмен жауап қайырды.

Сондай-ақ, Англияның «Манчестер Сити» командасы өз алаңында Испанияның «Атлетико Мадрид» клубын 1:0 есебімен сүріндірді. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды Кевин Де Брёйне 70-минутта өзінің еншісіне жазды.

Енді бүгін, 6 сәуірде «Челси» (Англия) пен «Реал Мадрид» (Испания), «Вильрреал» (Испания) және «Бавария» (Германия) жасыл алаңға шығады.

Ойындар «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Қарымта кездесу13 сәуірге белгіленген.