Футболдан Чемпиондар лигасы: «Бавария» турнирдің рекордын жаңартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 17 наурызда UEFA Чемпиондар лигасы 1/4 финалына шыққан командалар толықтай анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Cәрсенбіде тағы екі жұп өзара кездесті. Жеңімпаздары ширек финалға жолдама алды. Мұндай мүмкіндікке «Челси» (Англия) мен «Бавария» (Германия) клубтары қол жеткізді.

Алғашқы жұпта ағылшындық ұжым өз алаңында Испанияның «Атлетико Мадрид» командасын қабылдады. Бұл кездесуде алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. «Челси» сапынан Хаким Зиеш – 34, Эмерсон 90-минуттарда мергендік танытты. Екі команданың алғашқы ойынында лондондық клуб сырт алаңда 2:0 есебімен басым түскен болатын.

«Бавария» өз алаңында Италияның «Лацио» клубымен шеберлік байқасты. Бұл ойында неміс футболшылары қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Олардың қатарынан Роберт Левандовски – 33, Эрик Шупо-Мотинг 73-минуттарда гол соқса, 82-минутта Марко Пароло есеп айырмасын қысқартты. Аталған жұптың алғашқы кездесуінде «Бавария» 4:1 есебімен ойсырата жеңген еді.

Неміс клубы өз тарихында 19 мәрте ширек финалға жолдама алып отыр. Осылайша Чемпиондар лигасы рекордын жаңартты. Бұдан бұрын Испанияның «Барселона» командасы 18 мәрте ширек финалға шыққан болатын.

Естеріңізге сала кетелік, турнирдің ширек финалына «Реал Мадрид» (Испания) «Манчестер Сити» және «Ливерпуль» (Англия), «Пари Сен-Жермен» (Франция), «Боруссия Дортмунд» (Германия), «Порту» (Португалия) командалары жолдама алды.

Аталған турнирдің 1/4 және 1/2 финалдық ойындарының жеребесі 19 наурызда Швейцарияның Ньон қаласында өткізіледі.

Айта кетейік, 1/4 финал 6-7 және 13-14 сәуір күндері болады. Ал жартылай финал 27-28 сәуір және 4-5 мамыр күндеріне белгіленген.

Финал 29 мамырда Түркияның Стамбул қаласындағы «Ататүрік» олимпиадалық стадионында өтеді.


Соңғы жаңалықтар