Футболдан Чемпиондар лигасы: Кубок «Ливерпуль» командасына бұйырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан биылғы УЕФА Чемпиондар лигасы мәресіне жетті. Дүбірлі додада биыл Англияның «Ливерпуль» командасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Футболдан Чемпиондар лигасы: Кубок «Ливерпуль»  командасына бұйырды

Аталмыш ойын Испанияның Мадрид қаласындағы «Метрополитано» стадионында өтті.

Естеріңізге сала кетелік, аталмыш стадион Мадридтің «Атлетико» командасына тиесілі. Оған бүгін әлемнің әр қиырынан 52 мыңнан астам жанкүйер жиналған.

Бүгінгі кездесуде «Ливерпуль» өз елінің «Тоттенхэм Хотспурс» командасымен кездесті. Екі команда да өздерінің мықты ойыншыларын түгелдей қоса алды. Жарақатына байланысты жартылай финалдағы қарымта кездесуден шет қалып қойған Мохамед Салах та бүгін «Ливерпуль» сапында негізгі құрамда жасыл алаң төрінен көрінді. Әлем футболының жарық жұлдызының бірі саналатын ол небәрі 2-минутта өз командасын алға шығарды. Дәл сол сәтте «Тоттенхэм Хотспурс» қақпасына пенальти белгіленген болатын. Бұдан кейін «Тоттенхэм Хотспурс» футболшылары алға қарай лап қойған еді. Десе де өз дегеніне жете алған жоқ. Тіпті, «Ливерпуль» ойыншылары бірнеше қауіпті шабуылдарды ұйымдастырды. Бірінші кезеңде «Ливерпуль» 1:0 есебімен басым түсті.

Екінші кезең тартысқа толы болды. Әсіресе, «Тоттенхэм Хотспурс» ойыншылары қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетіп тұрды. Оған «Ливерпуль» командасы қарсы шабуылмен жауап берді. Дегенмен таблодағы есеп өзгермей тұрды. Ал 87-минутта «Ливерпуль» шабуылшысы Давид Ориги есепті үстемелей түсті. Бүгінгі кездесуде «Ливерпуль» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл команда өз тарихында алтыншы мәрте кубокқа қол жеткізіп отыр.

Аталмыш команда екі жыл қатарынан УЕФА Чемпиондар лигасының финалында бақ сынауға мүмкіндік алды. Былтыр финалда Испанияның «Реал Мадрид» командасынан 1:3 есебімен жеңіліп қалған еді. Сол олқылықтың орнын «Ливерпуль» биыл толтырды. Команда бапкері Юрген Клопп өзінің қызметінде тұңғыш мәрте аталмыш беделді бәсекенің жеңімпазы атанды.

Екі команда барлық турнирлерді есептегенде бүгін 171-ші кездесуін өткізеді. Бұған дейін «Ливерпуль» 79 мәрте жеңіс тойын тойласа, «Тоттенхэм Хотспурс» 48 мәрте басымдығын танытты. Қалған ойындар тең нәтижемен аяқталды.

Айта кетерлігі, биылғы Англия Премьер-Лигасындағы екі кездесу де «Ливерпуль» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Айта кетерлігі, УЕФА Чемпиондар лигасында (Еуропа чемпиондарының кубогы) бүгінгі күнге дейін Испанияның «Реал Мадрид» клубы 13 мәрте кубокты төбесіне көтерген еді.

Одан кейінгі кезекте Италияның «Милан» 7, Германияның «Бавария», Англияның «Ливерпуль», Испанияның «Барселонасы» 5 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Жалпы алғанда, мұндай табысқа барлығы 22 команда қол жеткізген еді.

Айта кетерлігі, 29 мамыр күні УЕФА Еуропа лигасында Анлияның «Челси» командасы жеңімпаз атанды. Ол финалда өз елінің «Арсенал» клубын тізе бүктірді.