Футболдан Чемпиондар лигасы: «Ливерпуль» мен «Бавария» жарысты жалғастыра ала ма
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, 8 наурызда футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының қарымта ойындары басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ойындар 8-9, 15-16 наурыз күндеріне белгіленген.
Алдымен 8 наурызда «Бавария» (Германия) және «РБ Зальцбург» (Австрия), «Ливерпуль» (Англия) және «Интер Милан» (Италия) командалары шеберлік байқасады.
Алғашқы ойын елорда уақытымен 01.50-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілсе, екіншісін сол уақытта «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.
Бірінші кездесуде «Бавария» (Германия) және «РБ Зальцбург» (Австрия) 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал «Ливерпуль» «Интер Милан» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.
Ал, 9 наурызда «Реал Мадрид» (Испания) мен «Пари СенЖермен» (Франция) (бірінші ойын 0:1), «Манчестер Сити» (Англия) мен «Спортинг» (Португалия) (бірінші ойын 5:0) командалары кездеседі.
Сондай-ақ, 15 наурызда «Манчестер Юнайтед» (Англия) пен «Атлетико Мадрид» (Испания), «Аякс» (Нидерланды) пен «Манчестер Сити» (Англия) жасыл алаңға шығады.
16 наурызда өз алаңында «Ювентус» (Италия) пен «Вильярреал» (Испания), «Лилль» (Франция) және «Челси» (Англия) шеберлік байқасады.