Футболдан Чемпиондар лигасы: «Реал» пен «Челси» тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалында алғашқы жұп ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Чемпиондар лигасы: «Реал» пен «Челси» тең түсті


Онда «Реал Мадрид» (Испания) пен «Челси» (Англия) командалары кездесті.

Екі команда бұған дейін аталған турнирде жолыққан емес. 2016 жылы өткен Халықаралық чемпиондар кубогында «Реал Мадрид» 3:2 есебімен басым түскен еді.

Ойын барысында қос команда бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Толассыз шабуылға иек артты.

Нәтижесінде есепті алғаш болып 14-минутта «Челси» сапынан Кристиан Пулишич ашты. Ал 29-минутта испниялық клубтың шабуылшысы Карим Бензема таразы басын теңестірді.

Бұдан кейін гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Енді қарымта ойын 5 мамыр күні өткізіледі.

Сондай-ақ, бүгін, 28 сәуірде аталған турнирде тағы бір кездесуде «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Манчестер Сити» (Англия) командалары шеберлік байқасады.